Облыстық филармониядағы жетекші ұжымдардың бірі «Славянская песня» ансамблі 1999 жылы құрылды. Ұжымның негізін дарынды композитор, ұйымдастырушы, педагог Татьяна Ивлева қалады.
2000 жылдан бастап шығармашылық ұжымның алға өрлеуі басталды. 2001 жылы ансамбль Алматы қаласында өткен Халықтар достығы II Республикалық фестивальдің лауреаты атанды. 2002 жылы ұжым Астана қаласында өткен Славян жазуы мен мәдениеті күніне арналған концерттік бағдарламаға қатысты. Ал, 2003 жылы «Славянская песня» ансамблі Тыңның 50 жылдығына арналған астаналық концертте өнер көрсетіп, көрерменнің ықласына бөленді. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған жыл сайынғы украин әндерінің фестиваліне қатысып, ұжым бірнеше рет лауреат атанды.
Славян халықтарының музыкалық мәдениетінің бай дәстүрлерін қолдана отырып, ансамбль оның тереңдігі мен ашықтығын, рухани тазалығы мен өмірге деген сүйіспеншілігін сақтайды.
Құрылған кезеңнен бастап ұжым орыс, белорус, украин, қазақ әндерін асқан шеберлікпен орындап жүр. «Славянская песня» ансамблі белсенді концерттік қызмет атқарып, қала мен облыстың іс-шараларына үнемі қатысады.