Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы – жоғары кәсіби мәдени мекеме мәртебесіне әбден лайықты, әртістері мен ұжымдары облыстан тыс, алыс жерлерге танымал, Қазақстандағы көне мекемелердің бірі.
Филармонияның тарихы сонау қиын 1944 жылдан, соғыс уақытынан басталады. Жамбыл атындағы Қостанай облыстық филармониясының бірінші директоры Арман Исмұхаметов болды.
1944 жылдың 18 наурызында Қостанай драма театрының ғимаратында композитор Николай Римский-Корсаковтың туғанына 100 жыл толуына арналған алғашқы концерт өтті. Бұл концертті дайындауға ҚазКСР-ының Халық әртісі Е. Өмірзақов, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі, профессор В. Сережников, театр директоры И. Дубровский, сондай-ақ, сол кезде Қостанай филармониясымен ынтымақтастықта жұмыс істеген белгілі қытай композиторы, Қытай симфониялық музыкасының негізін қалаушы Си (Сянь) Син Хай қатысты.
1945 жылы шығармашылық ұжымда 29 адам болды. Олардың ішінде вокалистер, аспапшылар, балет, цирк, сөйлеу жанрының әртістері бар еді. Уақыт өте келе қуыршақ-марионеткалары, оперетталар, украин және сыған ансамбльдерінің бригадалары да (ол кезде осылай деген) пайда болды.
50-шы жылдары филармонияны басқарған, сол кездегі директоры және көркемдік жетекшісі, ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі, конферансье, білімді де дарынды тұлға Альфред Лехтің ерен еңбегі ұмытылмақ емес. 1954 жылдың мәліметтері бойынша филармония 550 концерт өткізіп, барлығы 110 мың көрерменді қамтыды. Филармония қызметінің ерекше көрінісі тың игеру кезеңімен байланысты. Тіпті көлік болмаған кездерде әртістер жаяу жүріп барып, салынып жатқан совхоздарда, егіншілер қосында, машина-трактор бригадаларында өнер көрсетті, оларды әрдайым үлкен ризашылықпен жылы қарсы алды.
60-жылдар филармония қызметінің өте күрделі кезеңі болды. Елдегі концерттік ұйымдарды реформалау, жаңа мақсаттар мен міндеттерді анықтау мәселелері қарастырылды. Филармония басшылары ауысты, бірақ шығармашылық ұжымның басты мақсаты – халық арасында өнер жарығын, эстетикалық, музыкалық мәдениетті көтеру болып қала берді.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары жоғары өрлеуімен ерекшеленді. Көркемдік жетекші лауазымына Александр Евсюковты (1973) және директор лауазымына Владимир Рыдченконы (1976) шақыру ұжымға жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.  Ұжымдар мен солистердің жұмыстарының, сондай-ақ бірінші деңгейдегі жұлдыздар гастрольдерінің белсенді жылдары басталды. Мысалы, 1979 жылы тек бір ай ішінде филармония 52 концерт өткізіп, оған 20 мың көрермен келген.
1980 жылы облыстық филармонияға жерлесіміз, көрнекті қазақ актері, ҚазКСР Халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Елубай Өмірзақовтың есімі берілді. Филармонияны құрған бастамашылардың бірі,  алғашқы концерттік бағдарламаның ұйымдастырушысы өзінің шығармашылық жолын театр мен кинода жалғастырды.
1991 жылдан бастап жас тәуелсіз мемлекеттің мәдениеті мен өнерінің даму тарихында жаңа кезең басталды. 1996 жылғы 24 желтоқсанда «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Жас республиканың рухани қалыптасу жолында өз бағытын анықтады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы филармония қызметітің негізгі көрсеткіші Қазақтың ұлттық мәдениетін, отандық және әлемдік мәдениеттің үздік үлгілерін жаңғырту, сақтау, дамыту және тарату жөніндегі іс-шаралар, жергілікті композиторлардың шығармашылық жетістіктерін мақсатты түрде насихаттау, ұлттық мәдениеттерді өзара байытуға жәрдемдесу, ауылдық жерлердің тұрғындарына концерттік қызмет көрсету болды.
Бүгінде Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы еліміздің жетекші концерттік ұйымдарының бірі. Мекеме 2019 жылы өзінің 75 жылдығын атап өтті. Осы жылдар ішінде 300 мыңнан астам концерт өткізді. Оларды 35 миллионнан астам адам тамашалаған.
Филармонияда 11 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олар: «Ақжелең»  фольклорлық-этнографиялық ансамблі, қазақ халық аспаптар оркестрі, орыс халық аспаптар оркестрі, камералық оркестр, «Костанайские зори» би ансамблі, «Славянская песня» ансамблі, «DosStar» вокалдық тобы, «Зарянка» балалар би театры, «Liberta» балалар академиялық ән айту студиясы, «Тұмар» вокалдық тобы, камералық хоры.
Солистер ұжымы өткен жылдары қалыптасқан дәстүрлерді жалғастыруда. Филармонияның мақтанышына айналған солистері: Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдулина; «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегерлері Серік Әбілев, Қадыр және Майра Қаржауовтар, Анатолий Заруба; «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Манапбек Қадыров, Талғат Молдағалиев, Гүлмира Үмбетова, Гүлнар Үсенова, Игорь Коропецкий.
Филармония тарихында осы жылдар жаңа форматтағы жарқын шығармашылық жобаларымен ерекшеленеді: итальяндық композитор Джованни Перголезидің «Үй күтуші-ханым» операсы, шығаруға РФ еңбек сіңірген әртісі, Новосібір симфониялық оркестрінің дирижері, «Золотая маска» Бүкілресейлік сыйлығының лауреаты Эхтибар Ахмедов шақырылды; дирижерлердің Халықаралық форумы (Ресей, Өзбекстан); «Түркі әлемі» ансамбльдері мен оркестрлерінің халықаралық фестивалі (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан); «Jazz Bomond» халықаралық фестивалі (Ресей, Эстония, АҚШ) ұйымдастырылды.
2020 жылы «Сәлем, Елорда!» І Республикалық өнер фестивалінде облыстық филармонияның жеке орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары Қостанай облысының мәдениетін таныстырды.
Филармония тарихындағы ең маңыздысы солистер мен ұжымдардың шетелге сапарлары. Гастрольдердің географиясы өте ауқымды: ТМД, Франция (2003 ж.), АҚШ (2008 ж.), Финляндия (2010 ж.), Оңтүстік Корея (2011 ж.), Испания (2014 ж.), Словак Республикасы (2016 ж.), Египет (2018 ж.), Италия (2019 ж.).
Қостанай облыстық филармониясы – шеберлік мектебі десек, артық болмас. Бұл тума таланттардың мекені. Бекзада өнердің хас шеберлері өсіп, жетілген киелі топырақ. Қостанай сахнасының мэтрлерімен бірге түрлі бағыттағы музыкалық туындыларды дәріптеуге ықпал ете отырып, жоғары ағартушылық миссияны орындайтын жас әртістер еңбек етеді.
Қазіргі уақытта, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония басшысының міндетін атқару ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Әбдірахманұлы Байғожинге жүктелген.
Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының алдында ұлттық және әлемдік өнердің рухани мұрасын сақтауға және көбейтуге, өскелең ұрпақ үшін адамгершілік бағдарларды қалыптастыруға, өңір мәдениетінің оң имиджін нығайтуға одан әрі ілгерілетуге бағытталған табысты жобаларды жүзеге асыру мақсаттары тұр.

Поделиться: