Биыл Көкшетау қаласы – Қазақстанның рухани астанасы деп танылғаны белгілі. Осыған орай, сал-серілер жерінде республикалық деңгейдегі іс-шаралар жиі өтіп келеді. Мәдени-бұқаралық шаралар қатарына Қостанай облысының Көкшетау қаласындағы мәдени күндері де еніп отыр.

Екі күндік бағдарлама шеңберінде Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі концерті ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында ұлттық, әлемдік классиканың жауһарларынан жиырмадан астам шығарма орындалды. Атап айтсақ, Балуан Шолақтың, Құрманғазының, М.Төлебаевтың, Л.Хамидидің, Е.Брусиловскийдің, Н.Тілендиевтің, С.Әбдінұровтың, А.Жайымовтың, Е.Үсеновтің, Дж.Ласттың, В.Гридиннің және т.б. көптеген танымал композиторлардың таңдаулы шығармалары шырқалды.

Өнерпаздар Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы, Ыбырай Алтынсаринннің 180 жылдығы сынды мерейтойларға арналған туындыларды паш етті. Сондай-ақ, қоңсы жатқан қос өлке, Қостанай мен Көкшетау арасындағы тарихи, мәдени байланыс кештің негізгі өзегіне айналды.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Батырбек Байназаров пен қатар Бас дирижері Мұқан Төлебаевтың атындағы «Алтын таяқша» Халықаралық байқауының жеңімпазы Берік Оразалин, Боздақ Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» республикалық байқауының лауреаты Аслан Өтебаев, Мәдениет саласының үздігі Манапбек Кәдіров, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары – Азамат Мұқатов, Салтанат Иманбай, Данияр Рысбеков, Мұрат Хамитов, Натаья Степанова, Зарина Кұлмұхамбетова, Наталья Дамаева, Евгений Конев және Dosstar тобы өнер көрсетті.

Қостанайлықтардың өнерін көрермендер жылы қабылдап, ыстық ықыластарын білдірді.

Поделиться:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.