А.ж. 23 ақпанда Жастар Сарайында «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің 30 жылдығына орай «АМАНАТ» концерті өтті.

Мерейтойлық концерт І.Омаров атындағы қазақ драма театры әртістерінің «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблі туралы шағын тарихи қойылымымен ашылды.

Концертте Ақжелең ансамблінің аспаптар шеруі – қобыз, домбыра, шертер, сазсырнай, жетіген, дабыл, шаңқобыз, баян, домбыра-контрабас көрермендер ықыласына бөленді. «Саржайлау» (Тәттімбет), «Аққу Ақжелең», «Алтын дала» (Ермұрат Үсенов), «Адай» (Құрманғазы) және т.б  шығармалар орындалды.

Концертте ұзақ жыл ансамбльдің көркемдік жетекшісі болған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Назымбек Молдахметовті еске алып, өзінің ізбасары, дарынды домбырашы Ыбырай Есжанов өнердегі ұстазына деген толқынысын «Сағыныш» күйі арқылы жеткізді.

Сондай-ақ, бұл концертте композитор Ермұрат Үсеновтың арнайы «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мерейтойына шығарған «Аққу Ақжелең» шығармасының және «Сәулетті Тобыл-Торғайым» әнінің тұсаулары кесілді. Сөзін жазған жерлесіміз, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі – Абылай Мауданов.

Концерттің қонақтары – «Ақжелең» ансамблінің репертуарына көптеген шығармаларын ұсынған белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов (қ.); ұжымның алғашқы көркемдік жетекшісі, белгілі күйші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері  Әлімжан Әбсадық (Қызылорда қ.), «Ақжелеңнің» бұрынғы мүшесі, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Жанатбек Кәдіров (Тараз қ.), Дәстүрлі әнші, сырнаймен ән орындау дәстүрін насихаттап жүрген өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева (Астана қ.).

Сонымен қатар, мерейтойлық концертте облыс әкімінің орынбасары Р.Мұхаметқалиев құттықтау сөзін жолдап, ансамбль мүшелерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ансамбль мүшелерін марапаттау облыстық мәдениет басқармасы басшысы Е.Қалмақов концерт соңында жалғастырды. Барлық қонақтарға сый-сияпаттар табысталды.

Поделиться: