Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының музыка бөлімінің меңгерушісі.

Жоғары кәсіби музыкант Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониядағы еңбек жолын 1984 жылы концертмейстер-аккомпаниатор қызметінен бастады. Музыкант-орындаушы, солист және аранжировщик ретінде өзінің ерекше қабілет-қарымын көрсете отырып, дирижер лауазымына, содан кейін филармония ұжымдарының барлық музыкалық бағдарламасының сапасына жауапты музыкалық бөлімнің меңгерушісі лауазымына ауыстырылды.

Геннадий Стакановтың жоғары музыкалық мәдениеті, біліктілігі және әлем халықтары әуендерінің музыкалық материалдарын терең меңгеруі, әртүрлі музыкалық мәдениет пен стильдерді, атап айтқанда, классика, симфониялық, камералық, халықтық музыкадан бастап, заманауи джаз-поп-рок бағыттарына деген тең дәрежелі қатынасы мен терең түсіне білуі оның шығармашылық келбетін, бірегей болмысын таныта алды.

Ол қазақ халық аспаптар оркестріне, орыс халық аспаптар оркестріне, камералық оркестрге, симфониялық оркестрге, «Ақжелең» фольклорлық музыка ансамбліне, қобызшылар ансамбліне, домбырашыларға, «Славян әні», «DosStar» жастар вокалдық топтарына, хореографиялық ұжымдарға, сондай-ақ басқа да көптеген әуесқой орындаушыларға арналған түпнұсқа аранжировкалар жазып берді.

Қостанайлық композиторлар – Қ.Нұрғазин, Қ.Омаров, К.Деріпсалдин, С.Молдабеков, Г.Седов, Т.Ивлева, Б.Сәукеновтің көптеген әні талантты музыканттың кәсіби, көркем де сезімтал аранжировкасының арқасында көрермендердің айырықша сүйіспеншілігіне ие болды.

Геннадий Стаканов — Қостанай облысының халық шығармашылығы (облыстық халық шығармашылығы байқаулары) және спорт (облыстық спартакиадалар) саласындағы ең маңызды жобаларының көп жылдан бергі музыкалық жетекшісі. Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы (Астана-15), Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы (Астана-15), ҚР Тәуелсіздігінің мерейтойы, Қазақстан мен Ресейдің түрлі өңірлеріндегі Қостанай облысының мәдениет күндері мемлекеттік мерекелерінің концерттік бағдарламаларына жетекшілік етті.
2003 және 2017 жылдары Қостанай облысында өнер және мәдениет саласын дамытуға сіңірген еңбегі мен жоғары жетістіктері үшін Меценаттар клубының сыйлығын иеленді.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі» мерейтойлық медалімен, Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен, ҚР Мәдениет министрінің, облыс және қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.