ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Александр Евсюковтың музыкаға деген құштарлығы бала кезінен оянған. Жас кезінде ол кларнетте, үрлемелі аспаптар оркестрінде саксофонда ойнай бастады, кейін аккордеон мен фортепианоны игерді. Ол Шауляй қаласындағы (Литва) музыкалық техникумды бітірген.

Александр Сергеевич әскери қызметте Балтық әскери округінің ән-би ансамблінде болған. Қостанайға кәсіби музыкант болып оралды. Джаз музыкасының муниципалды концерттік тобын басқаруға шақырту алады. 1969 жылы джаз ұжымының жарты ғасырлық мерейтойына арналған алғашқы концерті өтті.

Кәсіби музыкант және музыка білгірі Александр Евсюков 1971 жылы одақаралық мәдениет сарайына көркемдік жетекші ретінде жұмысқа алынып, екі жылдан кейін облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі лауазымына ауыстырылды. 2010 жылы Александр Сергеевич филармония директоры қызметіне кірісті. Александр Сергеевич Евсюковтың жоғары кәсібилігі мен ұйымдастырушылық қабілеті филармония қызметінің әртүрлі бағыттарын жетілдіруге серпін беріп, ерекше дарыны Қостанай облысының музыкалық өмірінің арқауына айналды.

Осы уақыт ішінде Александр Евсюков ансамбльдер мен шығармашылық топтар құруға, дарынды музыканттар мен әншілерді ұжымға тартуға көп еңбек сіңірді. Оның сауатты басшылығының арқасында филармония әртістері Ресей, Франция, Германия, Словения, Кореядағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерде, «Шабыт», «Жас қанат», «Азия дауысы» және басқа да республикалық байқауларда шығармашылық әлеуеттерін лайықты деңгейде көрсете білді.

Челябі мәдениет және өнер институтының (Ресей Федерациясы) режиссерлік факультетінің түлегі ретінде Александр Евсюковтың режиссерлік дарыны мен шығармашылыққа деген құштарлығы, әртүрлі жанрды органикалық түрде байланыстыра білуі филармония сахнасында да, әртүрлі спектакльдерде де жарқын, ұмытылмас концерттік бағдарламаларды өмірге алып келді.

Қазіргі уақытта Александр Сергеевич Евсюков сұранысқа ие музыкант, режиссер және ұйымдастырушы. Александр Сергеевичтің еншісінде көптеген мәртебелі марапаттар мен регалиялар бар. Оның жан-жақты шығармашылық қызметі, отандық музыка өнерінің үздік дәстүрлерін нығайтуға қосқан елеулі үлесі жоғары бағаға лайық. Александр Сергеевичке «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атағының берілуі – оның мәдениет саласындағы көп жылдық жемісті еңбегінің жарқын дәлелі.