ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ (QOSTANAI-TV)

«Дегдар» гуманитарлық қоры қостанайлық тыңдарман қауымға естен кетпес ерекше кеш сыйлады. Аталмыш қор сапындағы музыканттар жергілікті жұртшылыққа классикалық өнердің інжу-маржандарын паш етті. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залында өткен қайырымдылық кеште Тимур Урманчеев, Медет Шотабаев секілді елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер өз өнерлерін көрсетті.

«Дегдар» гуманитарлық қорының Қостанай жеріне алғаш келуі емес бұл. Бұған дейін де бірнеше рет Тобыл тұрғындарына классикалық музыканың мәнін ұқтырған қор сапындағы өнерпаздар өңір тыңдармандарын кезекті мәрте қуантты. Бүгінге дейін жоба қатысушылары 40 қалада өнер көрсетіп, 83-ке тарта концерт ұйымдастырған.

Айта кетейік, «Дегдар» гуманитарлық қайырымдылық қоры 2001 жылы Дариға Назарбаеваның бастамасымен құрылған болатын. Мақсат – ардагерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға көмек беріп, қолдау көрсету. Құлақ құрышын қандырар классикалық кеште қазақстандық танымал орындаушылар өнер көрсетті, оның арасында Тимур Урманчеев те бар.

Күйсандықтың құлағында ойнаған музыка саласының мамандары жергілікті өнер сүйер қауымға әлемге әйгілі композиторлардың шығармалары мен қазақ халқының саз әлеміндегі таңдамалы туындыларын орындады. Басты мақсат – өнер арқылы мәдени байланысты нығайту дейді ұйымдастырушылар.

Классикалық музыка – уақытқа бағынбайтын өнердің бірі. Қостанайдан кейін, қатысушылар еліміздің өзге де қалаларына аттанбақ.

 

Гүлжан Жеңіс