Б.БАЙНАЗАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ

“QOSTANAI” TV

Ол еліміздің мәдениетіне мол үлес қосып, қазақтың қара қобызын шетелге танымал еткен. Ұлттық аспаптан төгілген қоңыр әуезбен тыңдарманын тәнті еткен. Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда қобыз үнімен биік белестерді бағындырып жүрген өнерпаз Батырбек Байназаровтың шығармашылық кеші өтті.

Саз саласында қызмет етіп, ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан жерлестеріміз аз емес. Ұлттық мәдениетіміздің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген өңір музыканттарының бірі – қобызшы Батырбек Байназаров. Қобыздың құдіретімен талай жанды тұнғиыққа тартып, жүректі тербеткен өнерпаздың бұл алғашқы шығармашылық кеші. Ұлы аспаптың қадір-қасиетін білетін Тобылдық өнерпаз әңгіме барысында өзінің еңбек жолын да тілге тиек етті.

Қорқыттың күй сарынын орындаған негізгі аспабы – қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін ол шын мәнінде қасиетті. Шетелдіктер санғасырлық сұрыптаудан өткен ұлттық күй мен әндерде музыкалық терапия кездесетінін әлдеқашан мойындаған. Рухани азық беретін аспап иесінің пікірі осындай. Ол жастайынан ел ықыласына бөленген өнерпаз дейді Батырбек Байназаровтың Алматыдан келген бала достары.

Халық аспаптарынан құралған ансамбльдің өнерін жергілікті өнерсүйер қауым ықыласпен тыңдады. Қазақ музыкасының үлкен мұрасы – күйлеріміз жұртшылықты таңғалдырса керек. «Ақжелең» ансамблі Қорқыттың қобыз сарындары, Құрманғазының күйлері, Сүгір мұралары сияқты халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан әуендерін жоғары деңгейде орындай отырып, еліміздің жасампаз мәдениетін жиналған көрермен қауымына паш етті.

 

Гүлжан Жеңіс