«Қобыз аңыз»: Филармониядағы өткен кеш осылай аталды

«Наш Костанай» газеті

 

Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда аталмыш өнер ұжымының қобызшысы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Батырбек Байназаровтың 50 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш болып өтті.

Оны елімізге белгілі айтыскер ақын, облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайының басшысы Марғұлан Оспанов жүргізді.

Батырбек Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі. Соны аяқтаған соң бір топ талантты жастар сол уақыттағы облысты басқарған өнер жанашыры Кенжебек Үкіұлының тікелей қолдауымен Қостанайға келіп, облыстық филармонияның жанынан «Ақжелең» ансамблін құрған болатын.

Сол себептен де белгілі қобызшының шығармашылық кешін  осы ансамбльдің жетекшісі Назымбек Молдахметов бастаған жігіттер мен қыздар ашты. Халық залға көп жиналды. Олар өздерінің Батырбек Байназаровқа деген ыстық ықыластарын осылайша танытты.

Осынау басқосуға республикамыздың Алматы, Астана, Тараз,  Қызылорда өңірінен де өнерпаздар арнайы келді. Олардың орындаған әндері мен күйлері жұртшылыққа ерекше рухани ләззат сыйлады.

Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Бақтаева, Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Жанатбек Кәдіров, Қызылордадан дәулескер күйші Әлімжан Әбсадық және басқа да талантын ел мойындаған дарын иелері болды.

Бұл күндері есімі республикамызға жете таныс Батырбек Байназаровтың өткен өмір жолдары айтылып, өзі қобызбен бірқатар жүректі қозғайтын күйлерді шеберлікпен орындады.

Кеш барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов ердің жасы 50-ге толған Батырбек Байназаровқа шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпат көрсетті.

 

 

Оразалы Жақсанов