Ticketon – жаңа мүмкіндік

«Қостанай таңы» газеті

 

Ел ішінде үлкен сұранысқа ие ticketon.kz сайты қостанайлықтар үшін де қолжетімді. Бұл мүмкіндік Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияға да жеткелі біраз уақыт. Филармония директоры Дәмір Қалқаевтың сөзінше, кез келген қостанайлық өздеріне ұнаған концерттік бағдарлама не қойылымдарды таңдап, тез арада, еш әлексіз ғаламтор арқылы билетке тапсырыс бере аласыз.

— Бұл қызметтің басты артықшылығы сізге үйіңізден және жұмыс орныңыздан шықпай, филармония репертуарымен, алыс-жақыннан келген өнерпаздардың өнерлерімен танысуыңызға мүмкіндік береді. Сандық технологиялар арқылы алыс жерлермен  тікелей байланысқа шығып, уақыттан ұтасыз. Ал, өздеріңіз білесіздер, уақыт қазір құнды. Жаңа жүйе арқасында әр есікке сабылудан, ұзынсонар кезек күтуден құтыласыз, — дейді Дәмір Қалқаев.

Жыл басынан бері ticketon арқылы 100-ден астам билет сатылған. Мәселен, 14 ақпанда өткен «Күтуші ханым» операсына 14 билет, 27 сәуірдегі «Костанайский зори» ұжымының концертіне 7 билет өткен. Бұл қостанайлықтардың цифрландырудың мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр деген сөз. Дәмір Қалқаевтың айтуынша, «Тикетон» компаниясы – кино, театр, түрлі мәдени-сауықтыру және спорттық іс-шараларға онлайн билет сататын ірі қазақстандық жүйе. 2012 жылдың ортасында жұмыс бастаған платформа қазіргі уақытта еліміздің 17 кинотеатры мен 20 театрын, сонымен қатар ірі концерт және спорт алаңдарын қамтиды. Бүкіл жоба тарихында онлайн режимінде 850 мыңнан астам билет сатылды. — «Тикетон» кассасы тікелей біздің жүйемен синхрондалады. Билеттерді онлайн қалай сатып алудың әдістері көп. Сондықтан Қостанай жұрты жаңа жүйенің қыр-сырын оңай меңгере алады, — деп кеңес береді Дәмір Елтайұлы.

 

 

QASQYRBAI QOISHYMANOV