Қостанай топырағында қазақтың қара домбырасын тірілтіп қана қоймай, үлкен өнер ұжымдарын құруға елеулі еңбек сіңірген азаматтарды елі ұмытпақ емес. Абай Ғазизұлы мен Назымбек Молдабекұлының өңіріміздің өнер-мәдениет саласына сіңірген еңбегін айтып тауыса алмаспыз.

«Мирас», «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері мен ұлт-аспаптар оркестрлерінің құрылуына мұрындық болған азаматтар туған топырағымызды Қазақстан ғана емес, әлемге паш еткен өнерпаздар. Абай мен Назымбек өнерде де, өмірде де аға-іні болып сыйласқан жандар.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде белгілі күйшілер, ҚР мәдениет қайраткері Абай Әмірханов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов атындағы арнайы домбыра сыныбы ашылды.

Айтулы шараға Тобыл-Торғай төңірегіндегі зиялы қауым, ұстаздар, шәкірттер, өнер-мәдениет саласында жүрген әріптес-достары мен туыстары жиналды.

«Ассалаумағалейкүм, Тобыл-Торғай! Күміс күйін төгілтіп, ән баптаған… Азаматтың бірегейі – Абай ағам, Сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақты адам. Найзағайдай Назымбек ағамыздың Өнерімен бүгінде мен мақтанам. Ағайынға Алланың нұры жаусын, Абай мен Назымбегін ардақтаған», — деп жырдан шашу шашқан Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев қос өнерпаздың есімі елімен бірге жасай беретінін нақыштады.

Домбыра сыныбының ашылуына университет басшылығы, марқұмдардың әріптестері, өнердегі аға-іні, достары мұрындық болып отыр.

Кабинеттің тұсауын кесу рәсімі Қазақстанның Еңбек Ері Алмат Тұрсынов пен Ахаң атындағы өңірлік университеттің проректоры Нұрлан Мәмиевке берілді.

Замануи үлгіде жабдықталған дәрісханада білім алатын шәкірттерге алдыңғы буын ағаларының ғұмыры емес, ғибратты өнері қонғай, қос қайраткердің рухы жебеп тұрғай деген тілекпен тарқасты ағайын.

Қостанай таңы

Поделиться: