Оған өнер майталманын сағынышпен еске алған ағайын-туыс, дос-жарандары, әріптестері мен отбасы қатысты

Қостанай қаласындағы «Жастар» сарайында облыстық қазақ ұлттық оркестрінің негізін қалаған Еңбек сіңірген қайраткері, шебер күйші, кәсіби дирижер Назымбек Молдахметовті еске алу кеші мен ол жайында естеліктер жинақталған «Домбырамның назы» деп аталған кітабының тұсауын кесу салтанаты өтті.

Бұл шараға естеліктер жинағының авторы дәулескер күйшінің бір ауылда бірге өскен жан досы Дастан Кенжалин, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, Серікбай Осыпанов, Әсия Беркенова, Арман Хасенов және басқа да зиялы қауым өкілдері келіп, Назымбек Молдахмет жайында жылы лебіздерін білдірді. Ол кісінің адамгершілігі, мәдениет саласына қосқан үлесі жайында кеңінен баяндап өтті.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, жағымды мінезімен, көрегенділігімен, бойындағы тума дарыны баршаның жадында сақталып қалған шебер күйші, кәсіби дирижердің атқарар игі істер әлі де көп еді. Бірақ Алланың ісіне шара бар ма. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда басшылық қызмет атқарып, ұлттық өнеріміздің дамуына орасан үлес қосып жүрген шағында, небәрі 50 жасында дүниеден өткен азаматты бүгін де елі сағына еске алады.

Артында қалған туған-туыс, дос-жарандары, ауылдастары, әріптестері, бала-шағасы әлі күнге дейін оның қайтып келмес кемегі мініп кеткеніне сенгісі келмейді.

Салтанатты сарайында өткен «Домбырамның назы» деп аталған күйші жайындағы естелік кітапты көпшілікке таныстыру шарасына оның үлкен баласы Темірлан мен қызы Жұлдыз қатысып, әкелерін егіле естеріне алды. Ол жайында кітап шығарып, еске алу кештерін ұйымдастырып, әкелерінің есімін өзі жетекші болған оркестрге бергеніне, ол кісінің атына А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде кабинет ашылғандығы сынды игі істерді атай келек, осындай шапағаты мол істердің бастауында тұрған азаматтарға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар әкеге деген сағыныштарын жеткізді.

Назымбек Молдахметовтың Марғұлан есімді ұлы әке жолын қуып, бүгінде музыка саласы бойынша білім алуда. Болашақта елінің сүйікті әншісі атануды алдына мақсат етіп отыр. Ең бастысы ол өнер жолын қуып, әке жолында жүрсем дейді.

– Дәулескер күйшінің өнеріне бәріміз тәнті болатынбыз. Оның бір ауылдан шыққан құрдастарына деген сыйластығы, әріптестеріне деген қамқорлығы, отбасына деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Өнер адамы болған соң әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Өзі дирижерлік еткен қазақ ұлттық оркестірінің өнерені өңіріміз ғана емес, бүкіл қазақ елі тәнті болды. Ол оркестрдің де жұлдызын жақты. Өзінің де жұлдызы жарқырады. Көпшілдігінің арқасында барша қауымның алдында беделді де сыйлы азамат бола білді. Бүгінгі Назекең жайында жарық көрген «Домбырамның назы» кітабы оқыған жанға ерекше ой салады. Сол өзіміз таныған жарқын жүзді, жаны таза, елім дейтін азаматтың жандүниесіне бойлағандай боламыз, – дейді Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның директоры Берік Оразалин.

«Домбырамның назы» кітабы 100 дана болып оқырмандарға жол тартты. Дарынды күйші жайында білгісі келген кез-келген жан осы құнды еңбекті қолына алып, бір ақтарып шықса, ойы сергіп, рухани байып қалатынына сенімдіміз.

Поделиться: