Қазақ халық аспаптар оркестрінің коцерті

III Халықаралық дирижерлар форумы жалғасуда. Жастар сарайында халқымыздың музыкалық өнерін, бірегей музыкалық аспаптарын, ұлы дала әуенінің сұлулығын үздіксіз дәріптеп келе жатқан Қостанай облысының теңдесі жоқ музыкалық ұжым — Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар окестрінің концерті өтті.

Концерттік бағдарлама қазақтың бас ақыны, хәкім Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінен басталды. Өзбекстанның халық әртісі, профессор Фарук Садықов дирижерлік еткен, бірлескен оркестірден және педагогикалық колледждің студенттер хорынан құралған ұжым, әнді жоғары деңгейде орындады.

Қазақ халық аспаптар оркестріне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Әли Алпысбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Берік Батырхан, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші, композитор, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі академиялық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Нұрлан Бекенов, М. Төлебаев атындағы V Халықаралық«Алтын таяқша» байқауының лауреаты, Е. Өмірзақов атындағы Қостанай блыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Берік Оразалин, Б. Рзаханов атындағы ІІІ республикалық «Сиқырлы таяқша» байқауының лауреаты, облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Аслан Өтебаев тәрізді ел ықыласына бөленіп жүрген майталмандар дирижерлік етті.

Концерт барысында әлемнің, еліміздің танымал композиторларының туындылары орындалды. Олар «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі», Евгений Брусиловскийдің «Думанда», Имре Кальманның «Сильва Ариясы», Әли Алпысбаевтың «Шаттансын Абай елі», Петр Чайковскийдің «Венгер биі Чардаш», Георгий Свиридовтың «Тройка», Арман Жайымның «Тайшық ханның қуаныш биі» тағы басқа композициялар. Сондай-ақ, Нұрлан Бекеновтың қазақ халық аспаптар оркестіріне арнайы жазған «Кейкі батыр» туындысы көрерменнің жүрегінен ерекше орын алды.

Сахнада халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана опера» солисі Әсем Сембина, облыстық филармонияның әртістері: «Мәдениет саласының үздігі», қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Батырбек Байназаров, «Мәдениет саласының үздігі» Манапбек Қадыров, республикалық байқаулардың лауреаты Талғат Молдағалиев, «Мәдениет саласының үздігі», әнші Гүлмира Үмбетова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты «DosStar» вокалдық тобы өнер көрсетті.

Кеш соңында Қостанай облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ерлан Болатұлы Қалмақов сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғыс хаттар мен сыйлықтарды табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Жастар сарайында, сағат 18:30-да Орыс халық аспаптар оркестрінің концерті өтеді.