Г. Саринаның «Әнді сүйсең, менше сүй» танымдық-музыкалық кеші өтті

Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Саринаның «Абайдың ән әлемі» атты авторлық жобасы аясында «Әнді сүйсең, менше сүй» танымдық-музыкалық кеші өтеді.

Жобаның мақсаты – Ұлы ақын мерейтойының өтуіне, шығармашылығының ел арасында насихатталуына үлес қосу, ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған эстафетаны Абайдың ән-күй мұрасын насихаттау арқылы қолдау. Өскелең ұрпаққа Абай заманындағы, оған дейінгі және кейінгі қазақ халқының ұлттық музыкасын, төл өнерін дәріптеу, мемлекет жастарын есті әндермен елжандыққа тәрбиелеу болып табылады.

Кеште Гүлмира Сарина «Ата-анаға көз қуаныш», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Татьянаның хаты», «Аққұм», «Сегіз аяқ», «Айбозым», «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Айбозым», «Арқалықтың ақ таңы», «Тобылдан ескен қоңыр жел», «Шығысым-шырайлы елім» әндерін орындады.

Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің әйгілі романы «Абай жолы» екені баршаға аян. Абай туған өңірдің тарихын білу, сол жердің тынысын сезініп, құдіретіне тағзым ету – бар қазақтың міндеті. Сол мақсатта жазылған Жұлдызай Ысқақтың сөзіне жазылған Гүлмира Саринаның «Абай жолы» атты толғауы әр көрерменнің жүрегін ерекше тебірентті.

Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов Г.Саринаға алғысын білдірді.

«Ұлттың ұясы саналатын Семей мен Торғай арасын жалғаған Гүлмира қыздарыңызға алғысымызды жеткізіп, тамаша өнер кешін сыйлағаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Абайдың тойы өткен аптада халықаралық дирижерлер форумымен басталған болатын, осы жолы Гүлмира Саринаның концертімен жалғасын табуда. Алдыда әлі де көптеген шаралар жоспарда бар. Абай атамызға қандай құрмет көрсетсекте артық емес. Бүгінгі кеш осының жарқын айғағы болды деп санаймын. Гүлмира ханымға рахмет, шығармашылық табыс тілейміз», – деді Е.Қалмақов.

Кеш соңында концертке жиналған көрермендер Г. Саринаға ақ бата-тілектерін жеткізіп, гүл шоқтарын ұсынды.